Қазақстан туралы

 

Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады.

Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.

Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, сонымен қатар, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының  нышаны және кепілі.

Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушылық билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне жетекшілік жасайды.
Заң шығару қызметін тұрақты негізде жұмыс жасайтын екі палатадан – Сенаттан және Мәжілістен тұратын Қазақстан Республикасының Парламенті жүзеге асырады.

Сенатты конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды. Сенатта ұлттық-мәдени және қоғамның өзге де елеулі мүдделерінің қамтамасыз етілуі қажеттігі ескеріліп, он бес депутатты Президент тағайындайды. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан құралады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Сенат депутаттарының өкілеттілік мерзімі – алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттілік мерзімі – бес жыл. Қазіргі уақытта Мәжілісте үш партия – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол»  демократиялық партиясы және Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы өкілеттілік етеді.

Әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 14 облыс және республикалық маңызы бар 2 қалаға бөлінеді:

  1. Астана – республикалық маңызы бар қала
  2. Алматы – республикалық маңызы бар қала
  3. Ақмола облысы
  4. Ақтөбе облысы
  5. Алматы облысы
  6. Атырау облысы
  7. Батыс Қазақстан облысы
  8. Жамбыл облысы
  9. Қарағанды облысы
  10. Қостанай облысы
  11. Қызылорда облысы
  12. Маңғыстау облысы
  13. Оңтүстік Қазақстан облысы
  14. Павлодар облысы
  15. Солтүстік Қазақстан облысы
  16. Шығыс Қазақстан облысы

Қазақстан тұрғындарының саны 2012 жылдың 1 қаңтарында 16 млн. 675 мың адамды құрады. 2009 жылғы ұлттық санақ бойынша Қазақстан қоғамының ұлттық құрамы төмендегідей болды:

  • Қазақтар – 63,07 %
  • Орыстар – 23,70 %
  • Өзбектер – 2,85 %
  • Украиндар – 2,08 %
  • Ұйғырлар – 1,40 %
  • Татарлар – 1,28 %
  • Немістер – 1,11 %
  • өзге ұлттар – 4,51 %

Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында орналасқан. Алып жатқан жер көлемі 2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым, еліміз әлем елдері арасында аумағы бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен – 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым және Түркіменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым. Оған қоса, республиканың құрлық ішіндегі теңіздері – Каспий және Арал теңіздері бар. Қазақстан – Әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел.

Ел аумағының ауқымды бөлігін – 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр.  Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстанда  үлкен және шағын 48000 көл бар. Оның ең ірілері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл.

Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді. Қаңтардағы орташа ауа температурасы − солтүстікте -19 °C-дан оңтүстігінде -2 °C-ға дейін, шілдедегі орташа ауа температурасы − солтүстікте +19 °C-дан  оңтүстігінде +28 °C-ға дейін. Жаз мезгілі ыстық және құрғақ, қысы суық және қарлы.

Қазақстан Республикасы – экономикалық өсімінің негізгі көзінің бірі пайдалы қазбалар өндіру болып саналатын индустриялық ел. Еліміздің минералдық-шикізаттық базасы 5000-нан астам кен орнынан құралады, олардың болжамды құны ондаған триллион АҚШ долларына бағаланады. Республика әлемде мырыш, вольфрам және бариттің барланған қоры бойынша – бірінші орын, күміс, қорғасын және хромит қоры бойынша – екінші, мыс және флюорит бойынша – үшінші, молибденнен – төртінші, алтын қоры жөнінен  алтыншы орын алады.

Сонымен қатар, Қазақстан батыс облыстарда шоғырланған мұнай мен газдың айтарлықтай мол қорына ие. Ел жылына 80 миллион тоннадан астам мұнай және газ конденсатын алатын әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына жатады. 2020 жылға қарай өндірісті жылына 120 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде Қазақстан анықталған мұнай қоры жөнінен әлемде 9-орында тұр. Оған қоса республикамыз ранг жөніндегі әлемдік табелде көмір қоры бойынша – 8 және уран қоры бойынша 2-орын алады.

Дәстүрлі түрде елде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған – егістіктің 70 %-ы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады. Мал шаруашылығының негізгі бағыттары – қой, жылқы, түйе, ірі қара мал шаруашылығы және шошқа өсіру. Сонымен бірге, республикада құс шаруашылығы мен балық шаруашылығы да дамыған.

Қысқа тарихи мерзім ішінде – тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 16 есеге –  700 АҚШ долларынан 12 мың долларға дейін өсті. Бұл – тіпті қарыштап даму үстіндегі оңтүстік-шығыс азиялық «жолбарыстармен» салыстырғанда да ғаламат нәтиже. Британдық мамандардың бағалауынша, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ең қарқынды 25 дамушы экономика арасынан Қазақстан тек Қытай мен Катарды ғана алға салып, 3-орын алады. Бүкіләлемдік банктің жіктемесіне сәйкес, республикамыз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер тобына енді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 150 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды, бұл – Орталық Азияға салынған инвестицияның 70% мөлшері. Елдің алтын-валюта резерві 2012 жылғы 1 маусымда 85 миллиард АҚШ долларына тең болды, оның 50 миллиард доллардан астамы Ұлттық қорға тиесілі.

Кәсіпкерлік жүргізу шарттары бойынша Бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстан 2011 жылы барлық ТМД елдерінен озып, 47-орын алды. Ал Менеджментті дамытудың  халықаралық институтының (ІМD) жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде республикамыз 2011 жылы Индонезия, Түркия, Италия және өзге де көптеген елдердің алдына шығып, 36-орынға табан тіреді.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2011 жылы 125 миллиард доллардан асты. Экспортталатын басты тауарлар – кен өндіру, отын-энергетика, металлургия және химия өнеркәсіптерінің, сондай-ақ астық индустриясының өнімдері. Республиканың сауда саласындағы негізгі серіктестері – Ресей, Қытай, Еуропа және ТМД мемлекеттері.

Экономиканы әртараптандыру шеңберінде елде Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаға сәйкес, бүкіл ел бойынша бұрынғы кәсіпорындар мен  өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңалары ашылуда.

Қазақстан «Жаңа Жібек жолы» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда, ол елдің құрлықтағы басты байланыстырушы буын ретіндегі тарихи рөлін жаңғыртып, оны өңірдің аса ірі іскерлік және транзиттік хабына – Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналдыруға тиіс. Осы мега-жобаны іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай республика арқылы өтетін транзиттік жүк ағыны 2 есе дерлік өсіп, одан әрі жылына ең азы 50 миллион тоннаға жетуі тиіс.

Елдің айрықша әсем ландшафттық байлығы мен бірегей мәдени-тарихи мұрасын дамудың жаңа мүмкіндіктерінің айналдыра алатын Қазақстанның туристік кластері де айтарлықтай әлеуетке ие болып отыр.

Елде жаппай әлеуметтік жаңғырту жұмыстары жасалуда – жаңа мектептер, кәсіптік колледждер және университеттер салынуда, заманауи медициналық емхана мен ауруханалар ашылуда, халықты әлеуметтік қолдау жүйесі жетілдірілуде.

Қазақстан – Ұлы дала көшпенділері мемлекеттік құрылымдарының тарихи мұрагері болып саналатын және біртіндеп олардың баста геосаяси мұратын – Еуразиядағы ықпалдастыққа, бейбітшілік пен жасампаздықтың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға ықпал етуді жүзеге асырып келе жатқан, өзіндік төлтума мәдениеті мен тарихы аса бай ел.

Бүгінгі таңда республикада 130 этнос өкілі өмір сүреді, ұлтаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігі жөніндегі консультативтік-кеңесшілік орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс жасауда. Астанада 2012 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі өтті, оның жұмысына шамамен әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. Жыл сайын 2008 жылдан бастап Астана экономикалық форумы бүкіл әлемнің жетекші экономистерінің, талдаушылары мен сарапшыларының басын қосып келеді. Астана мен Алматыда 2011 жылдың басында Қысқы Азия ойындары табысты өтті. Ел құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Еліміз Орталық Азиядағы көшбасшы бола отырып, өңірдегі тұрақтылықтың нығаюына үлкен үлес қосуда. Республика әлемдік деңгейде де зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Мұны Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен 2010 жылғы желтоқсан айында Астанада осы беделді халықаралық ұйымның саммитінің өтуі дәлелдейді. АӨСШК – ЕҚЫҰ-ның азиялық баламасы жобасын іске қосу елдің маңызды бастамасына айналды. Қазақстанның ислам әлемдегі жетекші ұйым – ИЫҰ төрағасы ретіндегі жасампаз қызметі де оң баға алды. Сонымен қатар, еліміз жаһандық антиядролық қозғалыста жалпыға мойындалған көшбасшы болып саналады. Жалпы, Қазақстан бүгінде халықаралық іргелі ұйымдар – ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ және өзге де ұйымдар аясында түрлі әріптес мемлекеттермен өзара белсенді ықпалдастық жүргізуде.

2010 жылғы шілдеде Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы, ал 2012 жылғы 1 қаңтардан Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысын бастады. Бұл бірлестіктер мүше мемлекеттердің экономикасының тиімді дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін тауар, қызмет, қаржы және адам капиталының үш ел шекарасы арқылы еркін қозғалысы қағидаты негізінде арттыруға бағытталған.

Экономиканың барлық саласындағы тұрақты өсім, халықаралық деңгейде мойындалу, саяси тұрақтылық қазіргі Қазақстан қоғамының өсіп-өркендеуінің негізіне айналып отыр. Бүгінгі Қазақстан – өз топырағының асыл дәстүрлерін ардақ тұтатын, кемел болашаққа қадам басқан жасампаз ел.