Сириялық реттеу бойынша халықаралық кездесудің қорытындылары бойынша ҚР СІМ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ү.ж. 23-24 қаңтарда өткен сириялық реттеу бойынша халықаралық кездесудің қорытындыларын құптайды. Бұл келіссөздерді өткізу кепілдік беруші мемлекеттер Ресей, Түркия және Иранның күш-жігерлерінің арқасында БҰҰ және АҚШ-тың қатысуымен мүмкін болды.

Қазақстан қазіргі Астана үдерісінің шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар сириялық дағдарысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 (2015) Резолюциясына сәйкес Женева үдерісі аясында саяси реттеуге оң серпін береді деп санайды. Астана сириялық қақтығыстың тараптары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2336 (2016) Резолюциясына сәйкес Сирияда атысты тоқтату режимі бойынша өздеріне жүктеген міндеттемелерге берік болады деген үміт білдіреді.

Қазақстан, білетіндеріңіздей, Астанада 2015 жылы бірқатар сириялық оппозициялық топтар арасында келіссөздердің екі раундын өткізді, сондай-ақ 2016 ж. желтоқсанда Сирия халқына 500 т. көлемінде ізгілік көмек жеткізді. 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікпен байланысты мәселелерді шешу жолында барынша күш-жігер жұмсайтын болады және бұл ретте, сириялық дағдарысты реттеу бойынша үдеріске өзінің үлесін қосуға дайын.