ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сириялық реттеу бойынша Халықаралық кездесудің қатысушыларына үндеуі

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздердің қатысушыларына сәлемімді жолдаймын.

Сирияда орын алып отырған күрделі жағдай бүкіл әлем жұртшылығының назарын өзіне аударуда. Алты жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан қанды қақтығыс түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан киелі өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ешнәрсе алып келмегенін мойындауға тура келеді.

Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнатылуына және нығаюына мүдделі.

Бүгінгі басқосу халықаралық қоғамдастықтың Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеуге бағытталған жігер-ынтасының айқын көрінісі болып табылады. Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеудің жалғыз дұрыс жолы – өзара сенім мен түсіністікке негізделген келіссөздер болуы қажет деп санайды.

Біздің еліміздің бүгінгі келіссөздерді өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы Астанада бірқатар сириялық оппозиция топтары келіссөздерінің екі раунды өтті.

Сирия халқына түскен ауыртпашылықты жеңілдету мақсатында сириялық босқындарға 700 мың доллардан астам көлемде қаражат бөлдік, жақында 500 тоннаға азық-түлік түрінде ізгілік көмек жолдадық.

Астанадағы кездесу барлық мүдделі тараптардың Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Женева үдерісінің шеңберінде сириялық дағдарысқа қатысты оңтайлы шешім табуына қажетті алғышарттарды қамтамасыз етіп, Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне лайықты үлес қосады деген сенім білдіремін.

Бүгінгі келіссөздерінің нәтижелі әрі жемісті болуына тілектеспін!