Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастардың маңызды белесі: Астанада ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

centralAsiaMeetingҚазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастардың маңызды белесі: Астанада ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерике Могерини Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Осылайша, Қазақстан Орталық Азияның Еуроодақпен бәрін қамтитын жаңа құжатқа қол қойған алғашқы елі болды.

Жаңа келісім сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы, оның ішінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуын және Еуразиялық экономикалық одақты дамытуды қоса алғанда, ҚР мен ЕО арасындағы өзара іс-қимыл шеңберін едәуір ұлғайтады және ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстан мен Еуроодақ қатынастардың тұжырымдамалық жаңа деңгейіне көшуге және аталған келісім қамтитын 29 саладағы өзара тиімді серіктестікті жандандыруға дайын екендіктерін білдіруде. Ынтымақтастық бағыттарына экономика және қаржы, көлік, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, білім және зерттеу, сондай-ақ деректерді қорғау, көші-қон, заңның үстем болуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес салалары кіреді. Тараптар сонымен қатар терроризмге және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты күшейтуді, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа көмектесуді көздеуде.

Жаңа келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі азаматтардың өзара сапарларын жеңілдету болып табылады. Осы орайда, Астанадағы келіссөздер барысында осы бағыттағы әрі қарайғы қадамдар талқыға салынды. Е. Ыдырысов атап өткендей, Қазақстан визалық саясат саласында ұлттық заңнаманы еуропалық нормалармен үйлестірумен қатар, шетелдік азаматтардың Қазақстанға келуін жеңілдетуге де елеулі көңіл бөліп келеді. Мысалы, 2014 жылғы жаздан бастап әлемнің 20 дамыған еліне Қазақстанға визалық талаптарсыз келуге рұқсат беретін пилоттық жоба жүзеге асуда. Олардың көбісі еуропалық елдер. ҚР СІМ басшысы еуропалық тараптың жауапты әрекетіне позитивті көзқарасына сенетінін жеткізді.

Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою Қазақстан мен ЕО қатынастарын дамыту мен нығайтуда маңызды кезең болып, бұл қатынастардың сапалы жаңа деңгейге өткенін көрсетті.

Құжатқа қол қою рәсімі Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өтті.

Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Қоғамдастық және оған мүше мемлекеттер арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы бірінші Келісім 1995 жылғы 23 қаңтарда 10 жыл мерзімге қол қойылып, ол 1999 жылғы 1 шілдеде күшіне енді.

Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім бойынша келіссөздер 2011 жылғы 27 маусымда Брюссельде басталды.

2014 жылғы 9 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Брюссельге ресми сапары барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім бойынша келіссөздерді аяқтау туралы хаттамаға қол қойылды.

Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып табылады. ЕО-мен сыртқы сауда 2014 жылдың қорытындысы бойынша 53 млрд. доллардан астам соманы құрады. Бұл ҚР-ның барлық сыртқы сауда айналымының 53,2%-ына тең. 2015 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығындағы кезеңде аталған көрсеткіш 24,5 млрд. долларды құрады. Ол Қазақстанның сыртқы саудасының жалпы көлемінің 51,8%-ын сәйкес келеді.