«Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» Екінші халықаралық байқаудың қорытындылары жария етілді: ұйымдастырушылар мақалалар сапасының өсуі мен қатысушылар ауқымының кеңеюін атап отыр

Астана мейрамының қарсаңында ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан журналистер Одағы шетелдік тілшілер арасында өткізілген «Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» атты Екінші халықаралық байқаудың нәтижелерін жария етті.

2015 жылғы байқауға «ТРАНСАЭРО» Әуе компаниясы» ААҚ, 2022 жылы Алматыда Олимпиада және Параолимпиада ойындарын өткізу жөніндегі Өтінім комитеті, «Hilton Garden Inn Astana» және «Rixos Borovoe» қонақ үйлері, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ мен «Арғымақ» көлік компаниясы әріптестер мен демеушілер ретінде қолдау көрсетті.

Байқауға әлемнің 35 елінен 55 өтінім келіп түсті. Олардың арасынан қазылар алқасы 5 жеңімпазды, яғни ТМД, Еуропа, Америка, Азия және Тынық Мұхит аумағы, Таяу Шығыс және Африка өңірлерінен бір-бір жеңімпаздан таңдады.

Қазылар алқасының құрамына ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Қазақстан журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев және ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко кірді.

Байқау жеңімпаздары үшін Қазақстанға арнайы сапар ұйымдастырлады. Сапар барысында қонақтар Астана мен Алматыға және «Бурабай» шипажайына барады. Қазақстандағы бағдарламаларында мәдени-танымдық шаралар, ресми тұлғалармен, ғалымдармен, сарапшылар мен журналистермен, қоғам және мәдениет қайраткерлерімен қызықты кездесулер қарастырылады.

ҚР СІМ басшысы Е. Ыдырысов биыл байқауға деген қызығушылықтың артқанын атап өтті. 2014 жылы ұйымдастырылған алғашқы байқауда әлемнің 23 елінен 41 журналист қатысқан болатын. Яғни, қатысушылар саны үштен бір бөлігіне артып, байқау географиясы бір жарым есеге ұлғайған. Сыртқы саяси ведомство басшысы байқау ауқымының кеңеюін «әлемдік қауымдастықта Қазақстанға деген қызығушылығық пен еліміздің танымалдығының артып келе жатқанының белгісі» ретінде бағалайтынын айтты.

«Сыртқы істер министрлігінің бастамасы Қазақстанның журналистер Одағы тарапынан қолдау тапқаны қуантады, және бұл, менің ойымша, үкімет пен азаматтық қоғам арасындағы мазмұнды ынтымақтастықтың айқын көрінісі болып табылады», – деді осы орайда Е. Ыдырысов.

Өз кезегінде, С. Матаев журналистер қауымдастығы Қазақстанның әлемге ашық мемлекет әрі қонақжайлы ел ретіндегі имиджін нығайтатын жобаларды қолдауға әрдайым ашық екенін растады.

«Елімізге шынайы қызығушылық танытып, халықаралық тақырыптарға жазуда жоғары кәсіби стандарттарды ұстана білген әріптестерімізбен танысып, пікір алмасуға мүмкіндік туындайтынына қуаныштымыз», – деп атап өтті ол.

Сонымен, қазылар алқасы ТМД елдері арасынан жеңімпаз ретінде Өзбекстаннан Ало Ходжаев есімді тілшіні таңдады. «Central Asian Dialog» жаңалықтар порталының өкілі Астанада электровоздарды шығаратын зауыт мысалында Қазақстан экономикасын әртараптандыру бағдарламасын көрсететін«Локомотив движения к прогрессу» атты мақаласы үшін үздік атанды.

Еуропалық авторлар арасында «NaWschodzie.eu» басылымында жарық көрген «Нұрлы Жол жарқын болашаққа жетелер жолды білдіреді» атты мақаласы үшін Польшадан Бартош Мендык (Bartosz Mendyk) есімді автор жеңімпаз атанды.

Америка құрлығы өкілдерінің арасынан қазылар алқасы «Қазақстан: көруге тұрарлық ел» мақаласы үшін аргентиналық автор Эвелин Армелланы (Evelin Armella) таңдады.

Таяу Шығыс және Африка елдерінен сайысқа түскен үміткерлер арасынан «Pens and Books» басылымында «Астана – қазіргі заманға сай әлем қаласы» мақаласын жария еткен мысырлық Ахмед Абду Тарабек (Ahmed Abdu Tarabek) есімді журналист жеңімпаз атанды.

Азия және Тынық Мұхит аумағы елдерінен индонезиялық Марвана Зубайдидің (Marwan M. Zubaidi) Radio Republik Indonesia порталында жарық көрген «Индонезия мен бүкіл әлемге Қазақстан үлгі беруде» тақырыбындағы мақаласы үздік атанды.

Жеңімпаздардан бөлек, аталған бес өңірдің әрқайсысынан қосымша екі үздік мақала анықталып, авторларына қазылар алқасы атынан арнайы сертификаттар жолданатын болады.

Осы тәрізді алғашқы байқау былтыр ұйымдастырылды. Ол кезде Бельгия, Малайзия, Қатар, Гайана және Украина журналистері жеңімпаз атанды. 2014 жылғы 15-20 қыркүйек аралығында үздік мақалалардың авторларына Қазақстанға арнайы сапар ұйымдастырылып, ҚР СІМ, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі хатшылығында, Ұлттық баспасөз клубында, «Қазмедиа орталығында» қызықты кездесулер ұйымдастырылып, Астана мен Алматының көрікті жерлерімен танысу ұйымдастырылған болатын.